Қазақстандық Андрей Голубев жұптық сында Словакия астанасы Братиславадағы челленджер жарысының жартылай финалына шықты, деп хабарлайды Kazinform.
Доданың 3-ракеткасы болып тіркелген А.Голубев украиналық Денис Молчановпен бірге екі кездесуін сәтті аяқтады.
Қазақстандық-украиналық дуэт алдымен грекиялық Петрос Циципас – нидерландылық Сэм Вербиктен 7:6 (7:2), 6:4 есебімен басым түсті.
Екінші матч одан да тартысты болып, 2 сағат 10 минутқа созылды. Голубев – Молчанов белоруссиялық Иван Лютаревич – украиналық Владислав Манафовты 6:7 (7:9), 7:6 (7:3), 17:15 есебімен жолдан тайдырды.
Қазақстандық-украиналық жұп бұл бәсеке барысында 8 эйс жасап, 5 брейк-пойнттың екеуін өз есептеріне жазды. Олардың жартылай финалдағы қарсыластары кейін анықталады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Денис Евсеевтің Қытайдағы турнирдің 1/8 финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).