Қазақстандық Андрей Голубев жұптық сында София (Болгария) ATP 250 турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды Kazinform .
Қазақстандық теннисші украиналық Денис Молчановпен бірге бастапқы кездесуін жарыстың 2-ракеткалары, америкалықтар Натаниэль Ламмонс – Джексон Уитроумен өткізді.
Бірінші партияда қазақстандық-украиналық дуэт тай-брейкте әбжілдік танытты – 7:6 (8:6).
Екінші сетте америкалық жұп есе қайырды – 6:2.
Супер тай-брейкте А.Голубев – Д.Молчанов таразы басын өздеріне аударды – 10:7.
Сағат жарымға жуық уақытқа созылған бәсеке барысында олар 5 эйспен көзге түсті.
Америкалықтар 8 эйспен бірге 5 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды.
Андрей Голубев – Денис Молчановтың ширек финалдағы қарсыластары кейін белгілі болады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Бейбіт Жұқаевтың Қазақстанның екінші ракеткасы атанғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).