Андрей Зейц Жапониядағы велокөпкүндікте топ жарды
Қазақстандық Astana Qazaqstan Team велошабандозы Андрей Зейц Жапонияның Хита қаласында аяқталған «Тур Кюсю» көпкүндігінің жеңімпазы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жарыс барысында велокоманда шабандоздары белсенді қимылымен көзге түсті. Өзге әріптестерімен бәсекеге түсіп, мәре сызығын бірінші болып қиюға күш салды. Нәтижесінде Андрей Зейц жарыста жеңімпаз атанса, екінші орынға қазақстандық команданың тағы бір мүшесі Антонио Нибали қол жеткізді.
Аталған тур биыл алғаш рет өткізіліп отыр. Жарыс Жапонияның Кюсю аралында ұйымдастырылады.
Александр Зейц 1986 жылы Павлодар қаласында дүниеге келген. 2008 жылдан бері Astana Qazaqstan Team командасы құрамында ойын көрсетіп келеді.
Еске салсақ, бұдан бұрын шосседегі велоспорттан Азия чемпионаты бағдарламасының финалдық кезеңінде Қазақстан құрамасы екі медаль жеңіп алды.
Ерлер арасындағы топтық жарыста қазақстандық Глеб Брусенский жеңіске жетіп, алтын медаль алды.