Анестезиолог операцияға қалай дайындалу керегін айтты
Маманның айтуынша, операцияға дайындық кезінде күнделікті әдеттегі өмір салтын сақтай отырып, аздаған ерекшелік енгізгеніңіз жөн. Міндетті түрде хирургпен және анестезиологпен сөйлесу керек, олар ота мен наркоздың ерекшелігін түсіндіреді. Толық түсініп алып, бірлесіп шешім қабылдаған кезде операцияға әзірлік те ойдағыдай жүреді.
Операцияға дайындық кезінде мыналарды ескерген жөн:
– Операцияға дейін, 3 сағат қалғанда ешқандай сұйықтық ішуге болмайды. Сонымен бірге отадан 6 сағат бұрын тамақтанбаған жөн;
– Операция алдында ішімдік ішуге, темекі шегуге болмайды;
– 3 сағаттық үзілісті ескере отырып, операция күні таңертең су, жеңіл шырын сияқты сұйқтықтарды ішуге болады;
– Анестезиолог пен хирургке қабылдайтын дәрі-дәрмектер туралы айтуды ұмытпаңыз;
– Ұйқы міндетті түрде қануы керек. Егер толқу сезімі болса, операция алдында, түнде жеңіл ұйықтататын дәрі қабылдауға болады;
– Операция жасалатын жердің терісін жарақаттап алудан сақтанған жөн, сондай-ақ қырыну кезінде абайлаңыз;
– Анестезиолог алдын ала наркоздың түрлерін, баламаларын, қаупі мен артықшылықтарын түсіндіріп, ең жақсы шешімді ұсынуы керек. Бірақ таңдау мен соңғы шешімді науқастың өзі қабылдайды;
– Бастысы науқас операция мен наркоз кезінде бақылау жабдығы мен білікті мамандардың үнемі мұқият назарында болатынын естен шығармауы керек. Науқастың денсаулығы мен жайлылығы үшін бәрі жасалатынын түсіну ең күрделі сәттерге дайын болуға көмектеседі.