Аңғал әжей депозиттегі 24 млн теңгесін шешіп алып, алаяқтарға бермекші болған
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодар қаласында тұратын Лидия Федоровна жылдар бойы банкте жинаған қаражатынан бір сәтте айрылып қала жаздады. Оны шешуші сәтте құрбысының қырағылығы құтқарып қалған.
«Жарықпен қамту орталығынанбыз» деп телефон шалған әлдебіреу зейнеткерге «үйіңіздегі есептегішті пломбалау керек, сол үшін СМС код жіберіп жатырмыз» деп алдап, 1414 сервисінен келген кодты алып алған. Аңғал әжей әңгіме үстінде банкте өзінің қомақты сомада депозиті бар екенін де айтып қояды.
Кейін зейнеткерге банк атын жамылып өзге бір алаяқ қоңырау шалады. Ол депозиттегі ақшаны қаскүнемдер сыпырып алуға әрекеттеніп жатқанын айтып, тез арада оны «қауіпсіз шотқа» салу керек деп көндіреді. Алаяқтың нұсқау беруі бойынша Лидия Федоровна банкке барып, депозиттегі 24 млн теңгесін шешіп алады да оны алып кететін курьерді күтеді. Тіпті банкке комиссия үшін 800 мың теңге төлеуге мәжбүр болған.
Осы екі ортада зейнеткер құрбысына барып, мән-жайды айтқанда ол бірден күдіктеніп учаскелік инспекторға хабарласқан.
— Құрбысының қырағылығы мен полицейлердің жедел әрекеті зейнеткерді алаяқтардың құрбаны болудан құтқарып қалды. Қазіргі уақытта алаяқтық дерегі бойынша тергеу басталды. Қоңырау шалған алаяқтардың абоненттік нөмірлері анықталып, күдіктілер іздестіріліп жатыр, — деп мәлімдеді Павлодар облысы полиция департаменті киберқылмыспен күрес басқармасының бастығы Асхат Абетжанов.
Лидия әжейдің айтуынша, барлығы бастапқыда түс секілді көрінген.
— Шынымен алаяқтардың әр сөзіне сеніп қалдым. Тек полицияның жедел әрекеттері мен құрбымның сақтық көрсеткенінің арқасында жылдар бойы тірнектеп жинаған ақшамды ұрлатпай, қайтаруға мүмкіндік туды, — дейді зейнеткер.
Еске сала кетейік, Қазақстанның екі азаматы Аустралия казиносынан алаяқтық жолмен 1,17 миллион доллар ұтып алды деп айыпталды.