«Ангара» әуе компаниясының техникалық қызмет көрсету сертификаты күшін жойды
АСТАНА. KAZINFORM — Росавиация Иркутскідегі «Ангара» әуе компаниясының әуе кемелері мен олардың бөлшектеріне техникалық қызмет көрсетуге рұқсат беретін сертификатын жойды, деп хабарлайды ТАСС.
Бұл шешім жоспардан тыс тексерістен кейін қабылданған. Тексеруді Ространснадзор мен Росавиация мамандары бірлесіп жүргізген. Ведомствоның мәліметінше, тексеру барысында «Ангара» әуе компаниясының жұмысында бірқатар бұзушылық анықталған.
— Мысалы, кейбір құжат нақты жұмыс орындалмаған жағдайда рәсімделген, ал қажет құрал-жабдықтар мен техника мүлдем қолданылмаған, — деп хабарлады Росавиация.
Ведомство бұл заңбұзушылықтар ұшу қауіпсіздігіне тікелей әсер ететінін атап өтті. Бұл деректерге әуе компаниясының өкілдері де келіскен.
Сонымен қатар, «Ангара» болашақта мұндай жағдайлардың алдын алуға қатысты қандай да бір кепілдік беретін материалдарды ұсына алмаған.
Енді «Ангара» әуе компаниясы әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсетуді тек ресми сертификаты бар үшінші тарап ұйымдары арқылы жүзеге асыруы тиіс.
Еске салсақ, 24 шілде күні «Ангара» әуе компаниясына тиесілі Ан-24 жолаушылар ұшағы Ресейдің Амур облысында Тында қаласының әуежайына қону кезінде екінші айналымға шығып, кейін байланысқа шықпай қалған. Ұшақ бортында 40-тан астам адам болғаны айтылды. Кейінірек ұшақтың қалдықтары Тындадан 16 шақырым қашықтықтағы таулы аймақтан табылды.
Осы оқиғаға байланысты Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путинге көңіл айтты.