Ангела Меркель ХДО партиясының басшылығынан кетуге ниетті

БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат - Германия канцлері Ангела Меркель 2000 жылдан бері басқарып келе жатқан «Германияның христиан-демократиялық одағы» (ХДО) партиясы басшысының қызметінен кетеді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі Spiegel Online-ға cілтеме жасап.

Бұл туралы А.Меркель дүйсенбі күні таңертең партия президиумының отырысында мәлім етті. ХДО жаңа басшысын сайлау желтоқсанда өтуі тиіс.

Онымен бір мезгілде Меркель Германия канцлері болып қала бермек. Айта кетейік, бұған дейін ол партия басшылығы мен канцлер лауазымы ажырамас қызметтер екенін бірнеше мәрте атап өткен болатын.

Басылым А.Меркельдің бұл шешімін ХДО-ның Гессен федералдық жерінің парламентіне өткен сайлау қорытындысымен байланыстыруда. Онда партия небәрі 27 пайыз дауыс жинаған. Бұл өткен сайлауға қарағанда 11,3 пайызға аз.