Англия аумағының жартысынан астамы ресми түрде қуаңшылық аймағы деп жарияланды

АСТАНА. KAZINFORM – Англия аумағының жартысынан астамы бірнеше айға созылған аптап ыстық пен жауын-шашынның күрт азаюына байланысты ресми түрде қуаңшылық аймағы деп жарияланды, деп хабарлайды Euronews .

Кадр из видео Euronews

Ұлыбританияның Қоршаған ортаны қорғау агенттігінің мәліметінше, қуаңшылық режимі Англия аумағының шамамен 51%-ын қамтитын жеті өңірде енгізілген. Мұндай шешім бірнеше ай бойы сақталған ыстық әрі құрғақ ауа райынан кейін қабылданды.

Ұлыбританияның Қоршаған ортаны қорғау, азық-түлік және ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегіне сәйкес, шілде айында ел бойынша жауын-шашын мөлшері айлық норманың небәрі 7%-ын құраған. Ал елдің оңтүстігінде жағдай одан да күрделі болып, күтілген жауын-шашынның тек 1%-ы ғана түскен.

– Өзендердегі су деңгейі төмендеп барады, фермерлер егінді мерзімінен бұрын жинауға мәжбүр, табиғи өрт қаупі артып келеді. Сонымен қатар миллиондаған тұрғын су тұтынуға қойылған шектеулер жағдайында өмір сүріп жатыр, – делінген ведомство хабарламасында.

Ұлттық Met Office метеорологиялық қызметінің мәліметінше, шілде айындағы орташа температура климаттық нормадан шамамен 3 градусқа жоғары болған. Бұл ай ел тарихындағы ең ыстық үш-төрт жаз айының қатарына енуі мүмкін.

– Ұзаққа созылған аптап ыстық пен жауын-шашынның болмауына байланысты су қоры табиғи жолмен толығатын көлемнен әлдеқайда жылдам жұмсалып жатыр, – деді Ұлыбританияның Қоршаған ортаны қорғау агенттігінің су ресурстары жөніндегі директоры әрі Ұлттық қуаңшылық тобының төрайымы Хелен Уэйкхэм.

Бұған дейін Еуропалық «Коперник» климаттық қызметі Еуропа әлемдегі ең жылдам жылынатын құрлық болып қала беретінін, мұнда температураның көтерілу қарқыны жаһандық орташа көрсеткіштен екі еседен астам жоғары екенін хабарлаған.

Айта кетейік, жойылып бара жатқан жабайы мысықтарды Англияға қайтару қарастырылып жатыр.