Англия мен Уэльсте құйынды дауыл мен жаңбырдың салдарынан мыңдаған үй жарықсыз қалуда

АСТАНА. 30 сәуір. ҚазАқпарат -  Англия мен Уэльсте ағаштарды электр тарату желілеріне құлатқан ұйытқыма жел мен нөсерлі жаңбырлардың салдарынан мыңдаған үй электр жарығынсыз қалып отыр, деп хабарлайды ИТАР-ТАСС.

Жексенбі күні «Уэстерн пауэр» энергетикалық компаниясы хабарлағандай, электр қуаты Кардифф пен Суонси қалаларындағы бірнеше мың үйде жоқ. Глостершир ағылшын графтығында жолдардың бойына 20-ға жуық ағаш құлады.

Өткен түні елдің көптеген елді мекендерінде шамамен 40 мм жауын-шашын жауған. Осыған байланысты метеоролог мамандар 150 аумақта тасқындардың қаупі туралы ескерту жасады. Северн өзені мен оның ағыстары өтетін Шропшир, Херефордшир және Глостершир графтықтарында жағдай аса қауіпті деп танылды. Оларда судың деңгейі қауіпті белгілерге дейін көтерілді.