Англияда 14 жасар қызды қорлаған қылмыскерді қателікпен босатып жіберген

Фото: DW

АСТАНА. KAZINFORM — Ұлыбританияда 14 жасар қыз бен ересек әйелге қатысты жыныстық қылмыс жасаған және баспана сұраушы ретінде сотталған адам қателікпен бостандыққа шығып кетті, деп хабарлайды Kazinform DW агенттігіне сілтеме жасап.

Лондон полициясы Хадуш Кебату есімді адамды іздестіріп жатыр. Ол 24 қазан, жұма күні Лондоннан шамамен 70 шақырым қашықтықтағы Челмсфорд қаласындағы тергеу абақтысынан қателікпен босатылған. Бұл туралы полицияның ресми сайтында хабарланды.

Құқық қорғаушылардың айтуынша, босатылғаннан кейін Кебату пойызбен астанаға бағыт алған және қылмыскерді іздеуге барынша күш жұмылдырылған.

Оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды. Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер бұл жағдайға X әлеуметтік желісінде пікір білдірді.

— Челмсфорд түрмесінен қателікпен босату мүлде қабылданбайды. Бұл жағдайға қатты наразы болдым. Тергеу жүргізіліп жатыр, полиция шұғыл іздеумен айналысып жатыр, менің үкіметім бұл шараларды қолдайды. Бұл адам табылып, жасаған қылмыстары үшін елден шығарылады, деді Стармер.

Sky News-тің мәліметінше, 2024 жылғы наурыздан 2025 жылғы наурызға дейін Ұлыбританияда қателікпен 262 сотталған адам босатылған. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен (115 оқиға) салыстырғанда 128 пайызға артық. Олардың 233-і түрмеден, ал 29-ы сот залдарынан босатылған.

Айта кетейік, бұған дейін Англия шіркеуін алғаш рет әйел басқарғанын жазғанбыз.