Англияда кіші санаттағы дәрігерлер ереуілге шықты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Англияда үшінші күн қатарынан кіші санаттағы дәрігерлер ереуілдетіп жатыр. Егер үкімет жалақыларын көтермесе, олар жаз бойы жұмысқа шықпауды жоспарлап отыр, дейді ҚазАқпарат тілшісі.

Фото:1prof.by

Бұған дейін болған наразылықтар кезінде 200 мыңға жуық науқас ем-домсыз қалғаны белгілі. Кәсіподақ ұйымының мүшелері үкіметтің ұсынған 5 пайыздық үстемақысы мардымсыз деп мәлімдеді. Ұлыбританияда кіші санаттағы дәрігер деп медициналық оқу орнын бітірген және 5 жылдан кейін дәрігер болуға талаптанып жүрген мамандарды айтады. Олар ұлттық денсаулық сақтау қызметінің шамамен 45 пайызын құрайды.

«Жалақымызды 35 пайызға көтеруді талап етеміз. Бір мезетте емес, кезең-кезеңімен өсірсін. Өйткені соңғы 15 жыл көлемінде табысымыз инфляцияға ілесе алмай келеді», дейді Кәсіподақ ұйымының өкілі Суми Маниражан.