Англияда Страдиваридің ұрланған скрипкасы табылды

АСТАНА. 30 шілде. ҚазАқпарат - Британ көлік полициясы Страдиваридің ұрланған скрипкасы оның иесі, корейлік скрипкашы Мин Чин Кимге қайтарылғанын хабарлады. Бұл туралы бүгін полиция сайтында мәлім етілген, деп хабарлады Лента.ру.

Скрипка өткен аптада Мидлендус аймағында табылған. Қазіргі кезде ол қауіпсіз жерде сақталуда, деп нақтылады полиция.

Скрипкамен бірге ұрланған ысқылар да табылды, олардың жалпы құны 102 мың доллардан асады.

2011 жылы осы ұрлыққа байланысты Джон Моган, сондай-ақ тағы екі жасөспірім тұтқындалып, айыпты деп танылған болатын. Алайда аспаптың өзі ұшты-күйлі табылмай кеткен болатын. Мин Чин Ким осы сирек кездесетін музыкалық аспапты 2010 жылы Лондонның солтүстігінде дәмханада ұрлатып алған.

1696 жылы Антонио Страдивари жасаған скрипка 1,8 миллион долларға бағаланады. Итальяндық шебердің скрипкасы музыка әлемінде сапасы мен дыбысталуы жағынан жоғары бағаланады. Әлемде Страдивари жасаған барлығы 500-ге тарта скрипка сақталған.