Англияда сутегі отынын құятын алғашқы бекет іске қосылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Лондонда сутегі отынын құятын алғашқы автономды бекет іске қосылды, деп хабарлады www.24.kz.

Бұл құрылым құбыр арқылы келетін су мен жаңартылмалы энергия көздері негізінде жұмыс істейді. Ал артылған энергияны қалалық желіге жеткізе алады. Жалпы, Британияда әзірге көліктің тек 3 түрі ғана бұл отынға арналған қозғалтқышпен жабдықталған. Оның өзінде сұраныс аса көп емес. Мамандар бұл жағдайға қажетті инфрақұрылымның жоқтығы себеп дейді. Енді келесі жылдың соңына дейін Ұлыбританияда сутегі отынын құятын 12 жаңа бекетті іске қосу жоспары бар.

«Көлікке сутегі отынын құюға небәрі 3 минут кетеді. Соның арқасында темір тұлпарыңыз шамамен 500 шақырым қашықтықты еңсере алады. Электр көліктеріне тән шектеулер де жоқ», - дейді энергетикалық компанияның атқарушы директоры Грэхэм Кули.