Англияда тұратын қазақ пен шіркеу өкілі: Қазақстанды әлемге үлгі ету керек

ЛОНДОН, ҚазАқпарат – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезіне бүкіл әлемнің назарында. Ұлыбританиядағы дін өкілдері де, сол жақта тұрып жатқан қандастарымыз да рухани көшбасшылардың басқосуын ақпарат көздерінен қадағалап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ауқымды шара туралы пікір білдіргендердің бірі – Ричард Уильям Брайант Аткинсон. Ол Бедфордшир және Лютон округтеріндегі Англикан шіркеуін басқарады. Христиан дінінің өкілі елімізге бірнеше рет келіп, съездерге белсене қатысты. Ол биылғы басқосудың да бейбітшілікті сақтауға және өркениетаралық диалогты нығайтуға қосатын үлесі ерекше дейді.

«Қазақстанға барған соңғы тоғыз жылымда мені таң қалдырған бір нәрсе бар. Ол – әртүрлі этникалық топтардың бірге тұрып, тұтас бір халыққа айналып отырғандығы. Бұл өзге елдер үшін өте маңызды месседж. Осындай тәжірибені талдай отырып, біздің бір-бірімізден үйренеріміз көп деп есептеймін. Келісім мен достықты ту еткен 140 этнос өкілі мен 46 діни қауымдастығы бар Қазақстанды өзге мемлекеттерге үлгі ету керек», - дейді ол.

Съез туралы өз ойын ортаға салған британиялық қазақтардың бірі – Исмаил Кесижи. Ол қым-қуыт заманда тағдырдың тәлкегіне ұшырап, Алтай өңірінен Түркияға көшіп кеткен қандастарымыздың ұрпағы. Өзі өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында Түркиядан Ұлыбританияға еңбек мигранты ретінде келген. Одан бері мұнда қандастарымыздың екі-үш буыны өсіп-өнді. Олар жырақта жүрсе де Қазақстанда болып жатқан жаңалықтарды іздеп отырады.

«Қазақтар ата қонысты, жерді сағынады. Елде болып жатқан ақпараттарды үзбей қарап, оқып отырады. Өкінішке орай, XXI ғасырда соғыс болып жатыр. Ирак, Сириядағы, Ливиядағы соғыстарда мұсылмандардың қаны төгіліп жатыр. Мына жерде бір-бірімен христиандар қан төгісіп жатыр. Сондықтан оларды тоқтататын бір мақсат болу керек. Діни лидерлерді жинап, ортақ мәмілеге келтіру өте жақсы іс», - дейді Ұлыбританиядағы қазақ диаспорасының өкілі Исмаил Кесижи.

Ұлыбритания халқының 60 пайызы христиан дінін ұстанса, 26 пайызы - атеист. Бұдан бөлек ислам, индуизм, сикхизм сияқты діндер де кең тараған. Мәдениеттер мен өркениеттер әралуандығына қарамастан, олар өзара тіл табысып, ынтымақта өмір сүріп жатыр. Бірақ әлемдегі жағдай басқаша. Жергілікті жұртшылық елордадағы діндер съезі осы олқылықтың орнын толтыруға өз септігін тигізеді деген үмітте.