Бұл ферма Лондоннан 200-ге жуық шақырым жерде орналасқан. Құлпынай және таңқурай өсірумен айналысады. Жұмысшылары негізінен ТМД мемлекеттерінің азаматтары. Қазақстаннан келгендердің саны 40-тан асады.
Еркебұлан Көшенов – Байқоңыр қаласы Төретам кентінің тумасы. Жасы отызда. Білімі жоғары, елде автосалонда еңбек еткен. Әйелі екеуі қыздарын ата-әжесіне тастап, алты айға маусымдық жұмысқа келіпті.
«Келіншегіміз екеуміз ел көрейік, жер көрейік деп келдік. Үй салып жатқан соң, кішігірім несиелеріміз бар. Соны жабайық деп мақсат қойдық. Әке-шешемізге сыйлық сыйлағымыз келеді», - дейді Еркебұлан.
Ұлыбритания Еуропалық одақ құрамынан шыққаннан кейін Румыния және Болгария сияқты елдерден бұрынғыдай еркін келіп, еңбек ететіндерге тосқауыл қойылды. Жұмыс күшіне деген сұраныс едәуір артты. Ал жергілікті халықтың төмен жалақыға қара жұмыс істегісі жоқ. Сондықтан билік 2019 жылы пилоттық жоба ретінде арзан жұмыс күшін ТМД елдерінен тарта бастады. Бірақ заң талаптарын қатаң орындау міндеттелді.
«Қазақстан болсын, басқа мемлекеттерден болсын келген әрбір азаматтың заңға бағынғаны өте маңызды. Нақты бір фермаға ғана байланған жұмыс визасы 6 айға ғана жарамды. Одан кейін жұмысшылар елге оралуы керек», - дейді ферма менеджері Максим Савченко.
Бірақ кейбір фермадағылар жұмыстарын тастап, Лондонға келіп, құрылыста, қонақ үйлерде заңсыз еңбек етіп жүр. Ол аздай қылмысқа баратындары да кездеседі. Басқалармен ерегісіп, пышақ ала жүгіреді. Араларында, тіпті, жасөспірім қызды зорлады және есірткі сатты деген айыппен жергілікті түрмеде жазасын өтеп жатқан алматылық жігіт те бар. 8 жылға сотталып, кінәсін мойындағандықтан оның жазасы 6 жылға қысқартылған. Мұндай жағдайларда Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігі отандастарымызға құқықтық қолдау көрсетуге тырысады, бірақ заң талаптарын орындау міндет екендігін ескертеді.
«Осыған байланысты келешекте Ұлыбританияға маусымдық жұмысшы ретінде келетін отандастарымызға жергілікті заңнама талаптарын қатаң сақтау қажеттігіне назар аударамыз», - дейді Ұлыбританияның Қазақстандағы елшілігінің консулы Мерей Қуандықов.
Статистика мәліметтеріне сәйкес екі жыл бұрын фермаларға 400-ге жуық қазақстандық тартылса, өткен жылы 2 700 адамға жуықтаған. Алдағы уақытта олардың саны артпаса, кемімейтін түрі бар.