Бүгін Ақордада ҚР Мемлекеттік хатшысы Мұхтар Құл-Мұхаммедке сенім грамотасын тапсырғаннан кейін БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Ангола Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Жаоким Аугусто осылай деді.
«Біз, Ангола халқы сіздердің көптеген салада жинақталған тәжірибелеріңізді өзімізде қолданғымыз келеді. Мәселен, ауыл шаруашылығы саласында Қазақстанның зор жетістікке жеткендігін білеміз. Бұл біздің алдағы болашақтағы ықтымақтастығымыздың бір бағыты болар еді», - деді ол.
Сонымен қатар оның пайымынша, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі қала құрылысы да бола алады. Бұл ретте ол Астана қаласының сұлулығына таңғалғандығын жасырмады. «Мен Ангола астанасы Луанда провинциясының губернаторына Астанаға сапармен келіп, қаланың сұлулығын, тазалығын өз көзімен көруге кеңес берер едім. Мүмкін екі қала арасында әріптестік қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік туар», - деді Ж.Аугусто.
Төтенше және Өкілетті Елшінің атап өтуінше, Ангола кадрларды дайындау саласында да ынтымақтастықты дамытуға мүдделік танытады. «Біз инженерлер мен техника саласының мамандарын дайындау ісінде Қазақстанның жоғары оқу орындарының тәжірибесін пайдалана алар едік», - деді дипломат.