«Тунцзинь» деп аталатын мұндай аксессуарлар әсіресе жас әйелдер арасында танымал. Олар бұл бұйымдар үшін кәдімгі алтын әшекейлердің бағасынан бірнеше есе артық төлеуге дайын.
Көбіне бұл белгілі кейіпкерлер бейнесінде жасалған шағын алтын салпыншақтар, олар білезіктерге немесе сырғаларға тағылады. Сатып алушыларды бағалы металл ғана емес, сүйікті кейіпкерлеріне деген эмоциялық жақындық та қызықтырады.
«Тунцзинь» атауы қытай тіліндегі «цзинь» («алтын») сөзі мен «тун» сленгтік сөзінен құралған. «Тун» айналадағыларға оғаш немесе шамадан тыс көрінуі мүмкін жанкүйерлік әуестіктерді сипаттау үшін қолданылады.
Жаңа тренд қытайлардың алтынды әл-ауқаттың символы ретінде қадірлеу дәстүрі мен жапон аниме мәдениетінің танымалдығын біріктірді.
Ірі зергерлік желілер қазірдің өзінде ресми лицензияланған топтамаларды шығара бастады. Мәселен, Гуанчжоудағы сауда орталықтарында Hello Kitty бейнеленген алтын білезіктер сатылып жатыр. Құрамында шамамен 0,5 грамм таза алтын бар мұндай әшекейдің бағасы 2370 юаньға немесе шамамен 350 АҚШ долларына тең.
Сондай-ақ Chiikawa франшизасы негізінде жасалған бұйымдар да үлкен сұранысқа ие. Ай күнтізбесі бойынша Жаңа жыл мерекесі қарсаңында кейбір үлгілер сатып алушылардың көптігінен толық сатылып кеткен.
Бұл трендтің жанкүйерлері мұндай әшекейлер күйзелісті жеңілдетуге және көңіл күйді көтеруге көмектесетінін айтады.
«Тунцзиньнің» танымалдығы жалған өнімдер нарығының да өсуіне әсер етті. Елдегі ең ірі алтын базарларының бірі саналатын Шуйбэйде жапон франшизаларының кейіпкерлері бейнеленген әшекейлер сатылып жатыр. Олардың қатарында «Крэйон Син-тян» мен «Ультрамен» кейіпкерлері де бар.
Сатушылардың айтуынша, мұндай бұйымдардың көбі авторлық құқық иелерінің лицензиясынсыз өндіріледі.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда бір грамм алтынның құны шамамен қанша теңге екені хабарланған.