Анкара 2026 жылы түркі әлемінің туризм астанасы болады

Фото: Анадолы

АСТАНА. KAZINFORM — Анкара түркі әлемінің 2026 жылғы туристік астанасы болып таңдалды. Бұл туралы Түркияның Мәдениет және туризм министрі Мехмет Нури Эрсой мәлімдеді.

Тиісті шешім Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) туризм министрлерінің 10-отырысында қабылданды. Ұйымға Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан кіреді. Түркіменстан мен Венгрия бақылаушы мәртебесіне ие.

— Анкара бай мұралары, мұражайлары, мәдени орындары және мәдени әртүрлілігімен түркі әлемінің ортақ жадын көрсететін сирек қалалардың бірі, — деді ол.

Оның айтуынша, Анадолы жерінің қақ ортасында орналасқан бұл көне астана енді Түркияның ғана емес, бүкіл түркі әлемінің мәдени және туристік көрмесіне айналады.

— Біз 2026 жылы Анкараны бірге аша түсеміз және астанамыздың құндылықтарын бауырлас халықтармен біріктіруді жалғастырамыз, — деді Эрсой.

Биыл түркі әлемінің туристік астанасы Қырғызстандағы Жалал-Абад қаласы болды.
Еске сала кетейік, Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде бірқатар құжат қабылданғаны жайлы жазған едік.