Анкара: ҚР Елшілігі түрік тіліне аударылған кітаптардың тұсауын кесті

АНКАРА. ҚазАқпарат - Анкара қаласында Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 25 жылдығына және Қазақстан Тәуелсіздігінің 26 жылдығына арналған конференцияда өтті. Шара барысында түрік тіліне аударылған қазақтілді 4 кітаптың тұсауы кесілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Конференция аясында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы дала ұлағаты» кітабының. М.Қасымбеков жазған «Елбасының өмірбаяны» шығармасының, Н.Оңжановтың «Бітімгер - Сирия шешімі» еңбегінің және Түркиядағы Қазақстанның бұрынғы Елшісі Жансейіт Түймебаевтың «Жаңа көзқарас, жаңа өлшем, жаңа деңгей» кітаптарының тұсауы кесілді.
    

Кітаптар Түркияда басылып шыққан. Айта кетейік, Анкарадағы алқалы жиынға Қазақстанның Төтенше және Өкілетті Елшісі Абзал Сапарбекұлы, Түркияның бұрынғы президенті Абдулла Гүл,  Президент Режеп Тайып Ердоғанның бас кеңесшісі Ялчын Топчу, Ұлы Бірлік партиясының төрағасы Мұстафа Дестиджи, Түркия мәжілісіндегі Қазақстан-Түркия Достық тобының төрағасы,  депутат Халык Ипек, Түркия мәжілісінің бұрынғы төрағасы Хикмет Четин, бұрынғы Мәдениет министрі Намык Кемал Зейбек, Түрік кеңесінің бұрынғы бас хатшысы Халил Акынджы қатысты.
 

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның бас кеңесшісі Ялчын Топчу Президент сәлемін жеткізе отырып, екі елдің маңызды рухани байланыстарына тоқталды.

«Түркия Президенті Режеп Тайып Эрдоғанның атынан сіздерді құттықтай отырып, бұл қарым-қатынастар ары қарай дами беретініне сенім артамын. Біз бір мақсатта келе жатқан бауырлас, қандас елміз. Түркістанда жатқан Қожа Ахмет Ясауи - ортақ құндылығымыз. Біздің ата-бабамыз - бір, тарихымыз - бір, тіліміз - бір. Қазақстан мен Түркия екі мықты ел ретінде танылады. Бұл екі ел Түркі әлемінің қайта жандануының көшбасшысы болды. Назарбаев пен Эрдоғанның көреген саясатының арқасында біз екі ел қарым-қатынасының ең жарқын кезеңін басымыздан өткеріп жатырмыз. Балқан елдерінен Қытай қорғанына дейін созылып жатқан түркі әлемінің тілі де, пікірі де бір боларына мен сенемін», - деді Ялчын Топчу.

Еске сала кетейік, бүгінгі күні Қазақстан-Түркия дипломатиялық қарым-қатынастарының 25 жылдығына орай Қазақстан журналистерінің Түркиядағы баспасөз күндері өтіп жатыр.
 

«Хабар», «Алматы» телеарнасы, «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Айқын», «Жас Алаш», «Түркістан», «Қазақ радиосы», «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігінің тілшілері Анкара қаласындағы салтанатты жиынға қатысуда. Баспасөз туры аясында қазақ журналистері Түркияның Анталия қаласына барып, Мәдениет және туризм басқармасының директоры Ибрагим Ажармен кездеседі. Анталиядағы кездесуден соң, делегация Газиантеп қаласындағы Сирия босқындары орналасқан Изип-2 лагерін көреді. Түркиядағы қазақ журналистерінің сапары 10 желтоқсан күні аяқталады.