Анкарада ата-ана баланы мектепке дайындауға қанша ақша жұмсайды

АНКАРА. ҚазАқпарат – Түркияда оқу жылының басталуына екі аптадан аз уақыт қалды, мұнда мектептерде оқу қыркүйектің ортасынан басталады. Қаладағы дүкен сөрелері әртүрлі мектеп тауарларына толы, бірақ бағасы да арзан емес. Анкарада ата-ана баланы мектепке дайындауға қанша ақша жұмсайтыны туралы ҚазАқпарат тілшісі айтып береді.

Биыл балаларын мектепке дайындаумен айналысатын көптеген отбасы оқу құралдары бағасының айтарлықтай өскенін байқаған.

Түркияда ата-аналар алдағы оқу жылында балаларының оқу қажеттіліктерін қалай қанағаттандыруға болатынын ойлап жатыр. Жергілікті тұрғындар көптеген тауар мен қызметтер бағасының айтарлықтай өскенін атап өтті.

Мәселен, 2022 жылы отбасы бір балаға шамамен 1000 түрік лирасын (шамамен 55 доллар) жұмсады. Бұл ақшаға шалбар, көйлек және жемпір сатып алынған. Биыл дәл сол тауарлар үшін сома 3600 түрік лирасына жетті (қазіргі бағам бойынша 130 доллардан асады).

Өткен жылы қарапайым кроссовка орта есеппен 450 лираға сатып алынса, биыл оның бағасы кем дегенде 800 лираға дейін көтерілді. Балаларға арналған классикалық үлгідегі аяқ киім бұрын 400 лираға сатып алынса, бүгінде бағасы – 900 лира. Түркияда бір оқушыға ғана киім-кешек пен аяқ киім бағасы орташа есеппен 3000-5000 түрік лирасы жұмсалады.

Былтыр бастауыш және жоғары сынып оқушыларының негізгі кеңсе шығындарына шамамен 550 лира жұмсалса, биыл орташа сома 1650 лира болды. 2022 жылы бір рюкзактың құны орташа есеппен 229 лира болса, қазір ол 645 лираға сатылады.

Қарапайым қарындаштың құны 29 лира болса, қазір 130 лир тұрады. Сол сияқты ішінде 12 түрлі түсті қарындашы бар қораптың бағасы 33 лирадан 149 лираға көтерілді.

Сонымен қатар балаларды үйден мектепке жеткізу айына 792 лирадан 1506 лираға дейін көтерілді. Бұл ата-ананың бәрінің бірдей қалтасы көтере бермейтін сома екенін айта кеткен жөн. Былтыр бір оқушының айлық тамағы 420 лира болса, биыл 1220 лираға жетті.

Түрік азаматтарының айтуынша, ең төменгі жалақының соңғы уақытта көтерілуі бұл жағдайды өзгертпейді. Ел экономикасындағы инфляция халықтың алған ақшасын «жейді». Жаңа оқу жылының басталуына аз ғана уақыт қалды, ал тұрғындар жалпы бағаның айтарлықтай өскенін сезініп отыр.

Экономистердің есебінше, мектепте бір балаға шаққандағы білімнің орташа құны 120 пайызға өскен. Жаңа оқу жылында оқушыны мектепке даярлаудың жалпы сомасы шамамен 6700-7000 түрік лирасы, бұл теңгемен есептегенде 100 мыңнан асады.