Анкарада Хасен Оралтайды еске алды

None
ЫСТАМБҰЛ. 17 сәуір. ҚазАқпарат- Кеше Анкара қаласында ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының штаб-пәтерінде қазақ қаламгері Хасен Оралтайды еске алу конференциясы өткізілді.

Бұл шара Түркиядағы қазақ диаспорасының көрнекті өкілдерінің бірі, жазушы-журналист, қоғам қайраткері Хасен Қалибекұлының туылғанына 80 жыл толуына және қайтыс болғанының 3 жылдығына орайластырылды.

Жиынға ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Жансейіт Түймебаев, Түркі Кеңесі Бас хатшысының орынбасары Дархан Қыдыралы, елшілік қызметкерлері, Түркияның саясат және мәдениет қайраткерлері, Германия мен Түркиядағы Хасен Оралтайдың туыстары, қазақ диаспорасының өкілдері қатысты. ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының шақыруымен Қазақстаннан арнайы келген ғалымдар Мәмбет Қойгелдиев, Нәбижан Мұхаметханұлы, Тұрсын Жұртбай, Жарылғап Бейсенбайұлы және түркиялық қазақ ғалымы Әбділуақап Қара, түрік профессоры Ахмет Бижан Ержыласун Хасен Оралтайдың өмірі мен шығармашылығы, қайраткерлігі мен қаламгерлігі туралы баяндамалар жасады.

Хасен Оралтай (1933 - 2010) - Шетелдегі қазақ диаспорасының көрнекті өкілі, тарихшы, публицист, түрік, қазақ, ағылшын, неміс т. б. тілдерінде жазылған еңбектердің авторы. Алаш сыйлығының лауреаты (1994). Қазақ халқының тарихына, этнографиясына, әдебиетіне, саясат мәселелеріне арналған түрік тілінде жазылған «Қазақ түріктері» (Измир, 1961), «Ұлы түрікші Мағжан Жұмабайұлы (Измир, 1965), «Шығыс Түркістан тарихындағы басты мәселелер» (Ыстамбұл, 1975), «Коммунизммен шайқас» (Измир, 1965) кітаптарының авторы. Ол кезінде Мәжит Айтбаевтың «Абылай» дастанын және өлеңдерін (1971) түрік тіліне аударып, тұңғыш рет «Қазақша-түрікше» сөздік бастырды. Түрік халықтарының тарихи тағдырына арналған материалдар жарияланатын «Ұлы Түрікелі» журналын (17 сан) өз қаржысына шығарып тұрды (1962-1986). Ыстамбұлда 1973 ж. Алаш қозғалысына, Алашорда партиясына, Алаш өкіметіне дұрыс баға берілген «Алаш» кітабын басып шығарды. Шығыс Түркістандағы қазақтардың еркіндік жолындағы күресі жайлы өмір шежіресін баяндаған «Елім-айлап өткен өмір» атты әйгілі кітап жазды. Хасен Оралтай 1988-1995 жылдары «Азаттық» радиосының қазақ бөліміне басшылық етті. Желтоқсанның (1986) қанды оқиғалары тұсында дүние жүзіне дабыл қағып, жазықсыз қараланған қазақ ұлтын қорғау туралы үн көтеріп, қоғамдық пікір қалыптастырды, сөз сөйледі, мақалалар, кітап жазды. 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстанның Тәуелсіздік жариялағаны туралы хабарды бүкіл әлемге бірінші болып таратты.

Конференцияның ашылу рәсімінде сөз алған ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов «Хасен Қалибекұлы - ХХ ғасыр басындағы Алаш қайраткерлерінің азаттық күресін шетелде жалғастырушы, ұлт рухын қорғаушы күрескерлердің бірегейі еді» деп қорытындыласа, қайраткердің қарындасы, ғылым докторы Мәриәм Хәкім «Ардақты ағамыз Хасен Оралтайдың өмірінің соңғы кезеңіне дейінгі жазған еңбектерінің барлығы қазаққа пайдалы, қазақтың өткені мен келешегі үшін өзекті мәселелерге арналды» деді.

Конференция аяқталған соң Хасен Оралтайдың өмірлік жары Хадиша Хәкім және жазушының ұлы Жәнібек Хәкім қайраткердің рухына арнап хатым құран оқытып, арнайы ас берді.