Анкарада Қара теңіз қауіпсіздігі мәселесі талқыланады

Фото: Фото: memurlar.net

АСТАНА. KAZINFORM — Түркия астанасы Анкарада екі күн бойы Қара теңіздегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету аясында келіссөздер өтеді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Түркияның Ұлттық Қорғаныс министрлігі 15-16 сәуір аралығында Анкара Әскери-теңіз күштерінің штабында маңызды кездесу өткізілетінін жариялады.

Талқылаудың негізгі тақырыбы — Ресей мен Украина арасындағы бітімге қол жеткізілген жағдайда Қара теңіздегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету болады.

Ұлттық Қорғаныс министрлігі мәлімдемесіне сәйкес, іс-шараға шет мемлекеттердің әскери өкілдері, соның ішінде Ресейдің әскери қызметшілері де қатысады. Кездесуге қатысушылар Қара теңіз аймағында бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға ықпал ететін теңіз саласындағы әскери жоспарлауға назар аударады.

Сонымен қатар жаңа шиеленістердің алдын алуға және жағалаудағы елдер арасындағы ынтымақтастықтың тұрақты жүйесін құруға бағытталған қадамдарды талқылауға ерекше назар аударылады.

Кездесу нәтижелері өңірлік қауіпсіздікті нығайтуға және халықаралық әскери өзара іс-қимыл тетіктерін кеңейтуге белгілі бір үлес қосады деп күтілуде.

Екі күн бұрын Түркияның кейбір басылымы Ресей мен Украина өкілдерін Анкараға Қара теңіздегі кеме қатынасы қауіпсіздігі мәселелерін талқылауға шақырғаны туралы ақпарат таратқаны белгілі болды. Алайда Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков кездесуге қатысты ақпаратты растамады.