Анкарада Қазақстан жастары арасында футболдан жарыс өтті

АНКАРА. ҚазАқпарат –26 қазанда Анкарада түркиялық ЖОО-да білім алып жатқан қазақстандық жастар арасында футболдан жарыс өтті. Шараны Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында Қазақстандағы Жастар жылына орай өткен іс-шараға Анкара, Стамбул, Измир, Бурса, Кастамону, Кония, Карабук, Кайсери, Сакария және Эскишехир қалалалырының жетекші университеттерінде білім алатын 300-ге жуық қазақстандық студенттер, магистранттар пен докторанттар қатысты.

Теңбіл доп додасының ашылу салтанатында сөз сөйлеген Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы өткен жылдың қазан айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында 2019 жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынғанын еске салды.

«Мемлекетіміз сіздерге үлкен үміт артып отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, жастар еліміздің бәсекеге қабілеттілігінің маңызды факторы. Бүгінгі таңда тек мемлекеттер арасында ғана емес, адамдар арасында да бәсекелестік бар. Ғылым мен білімді көтеретін және жасампаз ұрпақ болатын ел ғана жеңіске жетеді», - деді Елші.

Сондай-ақ, Қазақстан мен Түркия арасындағы бауырластық қарым-қатынастарды атап өткен Елші А.Сапарбекұлы Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жолдауына тоқтала отырып, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар кадр резерві бастамасы туралы баяндады.

Ашылу салтанатында сөз сөйлеген білімгерлер, жарысқа қатысушыларға жылы лебіздерін жеткізіп, Елші А.Сапарбекұлына жастарға көрсеткен қолдауы үшін алғыстарын білдірді.

Анкара, Кайсери және Ыстанбұл қалаларынан 2 құрамалар, Измир, Бурса, Кастамону, Кония, Карабук және Сакария құрамалары қатысқан жарыста барлығы 12 топ додаға түсті. Жарыста Бурса қаласының құрамасы үздік болып, екінші орынды Анкара қаласының Кара Харп әскери университетінің құрамасы, ал үшінші орынды Кония қаласының құрамасы иеленді.