Анкарада қазақстандық студенттер Елбасы мақаласын талқылады
Кездесу барысында журналистика, тарих, компьютер инженериясы, дінтану сияқты түрлі мамандықтарда магистратура мен докторантурада оқып жүрген студенттер Президент Назарбаевтың мақаласын жылы қабылдағанын, ондағы мақсат-міндеттердің маңыздылығын атап өтті. Мәселен, Кония қаласынан келген филолог Елдос Сүлеймен «Архив-2025» жобасынан көп үміт артатынын, әлемде Қазақстанға қатысты ашылмай жатқан деректің көп екендігіне назар аудартты. Ал, домбырашы Ержан Арқабай ортақ мәдениет пен музыканың, әдебиет пен философияның түркі әлемі үшін маңызын алға тартады. Оның өзі де Анкарада домбыра курсын ашқан. Баба мұрасына қызығушылар саны күн санап артып келеді екен.
Оның айтуынша, мемлекеттік сананы көтеріп, рухты биіктетін тарихтағы есімі ұлы тұлғалар, батырлар мен ерлік дастандары. Сондықтан ұлтты біріктіретін тұлғалардың ерліктері, хандарымыздың қайраткерлігі, даналардың даралығы ұрпаққа көбірек насихатталуы шарт.
«Қазақ халқы ғасырлар бойы жаншылып келген батырлық рухын қалпына келтіре алмай жатыр. Ұлттың ұлттық коды аштықтан, репрессия мен қудалаудан бәсеңсіп қалды. Сондықтан, Ұлттық рухымызды тірілтуге, мемлекеттік санамыз бен ұлттық тұтастығымызды қалыптастыруға, кеудесін мақтаныш кернеген халық болуымызға, тұтас тарихи сана-сезімді қалыптастыруға Елбасы мақаласының маңызы зор. Осы мақала аясында ғалымдарға үлкен жүк артылып отыр. Арғы тегімізді зерттеп, ұлы халықтың мұрагері екенімізді дәлелдеу, деректерді ғылыми айналымға енгізу ғалымдардың жұмысы», - деді Берік Әбдіғали.