Анкарада полиция операциясы кезінде екі лаңкес өзін жарып жіберді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алдын ала мәліметтерге қарағанда, олар көлікті жармақ болған. Алайда полицияның берілу талабынан кейін өздерін жарған.

NTV телеарнасының ақпаратынша, полиция дайындалып жатқан қылмыс туралы ақпаратты алған соң, бүгін жергілікті уақытпен шамамен сағат 6:00-де Анкарадан 30 шақырым жердегі Хайман ауданындағы аңшылар үйін қоршауға алған. Полицейлер ондағы содырларға берілуді талап еткенде, олар өздерін жарып жіберген.

Күш құрылымдары арасында жапа шеккендер туралы ақпарат түспеді, деген телеарнаның сөздерін келтіреді ТАСС.

Болжам бойынша, содырлар Түркияда тыйым салынған күрдістан жұмыс партиясының мүшелері болған.  Алайда бұл ақпарат ресми расталмады.

Анкара губернаторы Эрджан Топаджа полицей шарасы кезінде екі лаңкес өзін жарғанын растады.

«Олардың біреуінің кім болғаны анықталды, екіншісі болжам бойынша әйел болған. Үшінші адам болды деген күдік бар. Оны іздеу жұмыстары жалғасып жатыр», - деді губернатор NTV телеарнасының эфирінде.