Анкарадағы полиция ғимаратын белісіз біреулер зымыранмен атып кетті

АСТАНА. 21 қыркүйек. ҚазАқпарат - Түркияның астанасы Анкарада белгісіз біреулер полицейлердің штаб-пәтерін зымсыранмен атып кетті, деп хабарлады Al Arabiya. Атыс 20 қыркүйек күні кешке болған, деп хабарлады РБК.

Ғимаратқа қаншалықты деңгейде зақым келгені туралы әзірге ешқандай ақпарат жоқ.

Сондай-ақ, қаза болғандар мен зардап шеккендер жайлы да мәліметтер таратылмауда.

Биылғы жылы маусым айында елде премьер-министр Реджеп Таип Эрдоганның авторитарлық саясатына қарсы жаппай наразылық шаралары өткен болатын. Бұл тәртіпсіздіктер билік өкілдерінің Ыстамбұлдағы Гези саябағының орнында сауда орталығын салу жөніндегі шешіміне қарсылық ретінде ұйымдастырылды. Жаппай наразылық акцияларын басу кезінде бес адам қаза болды, мыңдаған адам жарақаттанды.

Қыркүйек айының басында Түркия азаматтары тағы да көтеріліп, көшелерде билікке қарсы ұрандатқандар көбейді. Наразылық шараларының қайта жандануына Антакьедағы оппозициялық шеруге қатысушы Ахмет Атаканның өлімі себеп болған. Наразылыққа шыққандар оның өліміне полицейлерді кінәлап отыр, ал тәртіп сақшылары болса, жігіт төбеден өзі құлап кеткен дейді. Жаппай тәртіпсіздік Ыстамбұл, Анкара, Ізмір, Антакье және елдің басқа қалаларында да орын алды.