АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 44-ракеткасы Анна Данилина Әбу-Даби (БАӘ) WTA 500 турнирінің ширек финалына шыға алмады.
Қазақстандық теннисші украиналық Надежда Киченокпен бірге алғашқы айналымда күшті жұп — жарыстың 2-ракеткалары, бразилиялықтар Беатрис Хаддад Майя — Луиза Стефаниге тап болды.
Қазақстандық-украиналық жұп бәсекені жақсы бастады — 6:2. Алайда бұдан кейін бразилиялықтар сәтті ойнады — 7:5, 10:6.
Екі сағатқа жуық уақытқа созылған матчта Данилина — Киченок 4 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды. Қарсыластары 2 эйс, 1 брейкпен (5 брейк-пойнт) ерекшеленді.
Жекелей сында Қазақстанның бірінші, әлемнің 5-ракеткасы Елена Рыбакинаның бастапқы қарсыласы анықталды.
Әлемнің 71-ракеткасы, америкалық Даниэль Коллинз «Үлкен дулыға» турнирінің төрт дүркін чемпионы, қазір рейтингіде 757-орындағы жапониялық Наоми Осаканы ұтты — 7:5, 6:0.
Осылайша, екінші айналымда Е.Рыбакина мен Д. Коллинз кездесетін болды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшінің Марсель турнирінде өткен жылғы финалисті жеңгенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).