АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 44-ракеткасы Анна Данилина Чарльстон (АҚШ) челленджер турнирінің финалына шыға алмады.
Доданың 3-ракеткалары А.Данилина мен қытайлық Чжан Шуай жартылай финалда аустралиялық Оливия Гадеки – ұлыбританиялық Оливия Николлске қарсы келді.
Тартысты өрбіген бірінші партияда тай-брейкте аустралиялық-ұлыбританиялық жұпқа сәттілік жолдас болды – 7:6 (8:6). Олар екінші сетте де ойын тізгінін уысынан шығара қойған жоқ – 6:4.
Бір сағат 42 минутқа созылған бәсеке барысында қазақстандық-қытайлық дуэт 13 брейк-пойнттың біреуін ғана пайдаланды. Ал Гадеки – Николлс 7 эйс жасап, 10 брейк-пойнттың екеуін өз есептеріне жазды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның АҚШ-тағы жарыстың жартылай финалына өткенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Зарина Диас Жапониямен өтетін матчқа қатысады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).