АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 10-ракеткасы Анна Данилина Кливленд (АҚШ) WTA 250 турнирінің ширек финалына жолдама алды.
Жарыстың 1-ракеткалары болып тіркелген А.Данилина – сербиялық Александра Крунич алғашқы айналымда қытайлықтар Чжэн Сайсай – Чжу Линьді тас-талқан етіп жеңді.
Бірінші партияда 6:2 есебі тіркелді.
Екінші сет 6:1 есебімен аяқталды.
Бір сағат 5 минутқа созылған бәсеке барысында Данилина – Крунич 7 брейк-пойнттың бесеуін құр жібермеді. Қытайлық дуэт 1 брейкпен (7 брейк-пойнт) шектелді.
Анна Данилина – Александра Крунич жартылай финалға шығу үшін америкалықтар Кармен Корли – Ивана Корлимен таласады.
Кливленд додасы 23 тамызда мәресіне жетеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын допинг қолданған қазақстандық теннисшінің 4 жылға жарыстан шеттетілгенін жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).