Анна Данилина АҚШ-тағы жарыстың жартылай финалына өтті

Фото: Фото: Қазақстан теннис федерациясы

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 44-ракеткасы Анна Данилина Чарльстон (АҚШ) челленджер турнирінің жартылай финалына өтті.

Жарыстың 3-ракеткалары болып тіркелген А.Данилина – қытайлық Чжан Шуай ширек финалда америкалықтар Далайна Хьюит – Мария Матеастың мысын басты.

Қазақстандық-қытайлық жұп тартысты матчта 6:1, 3:6, 10:7 есебімен басымдылық танытты. 

Бір сағат 15 минутқа созылған бәсеке барысында олар 1 эйспен бірге 10 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Америкалықтар 4 эйс, 2 брейкпен (6 брейк-пойнт) шектелді.

Анна Данилина – Чжан Шуай финалға шығу үшін аустралиялық Оливия Гадеки – ұлыбританиялық Оливия Николлспен шеберлік таластырады. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Чарльстон жарысының ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.