Қазақстанның жұптық сындағы бірінші ракеткасы Анна Данилина Сан-Диего (АҚШ) WTA 500 турнирінің ширек финалына жолдама алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші америкалық Бетани Маттек-Сандспен бірге алғашқы айналымда норвегиялық Ульрикке Эйкери – эстониялық Ингрид Нилмен шеберлік байқасты.
Бір сағат 39 минутқа созылған матчта қазақстандық-америкалық жұп 6:3, 7:6 (7:4) есебімен жеңіске жетті. Олар 1 эйспен бірге 13 брейк-пойнттың алтауын мүлт жібермеді. Норвегиялық-эстониялық дуэт 5 брейктен (13 брейк-пойнт) аса алмады.
А.Данилина – Б.Маттек-Сандс жартылай финалға шығу үшін жарыстың 2-ракеткалары, жапониялық Сюко Аояма – қытайлық Чжаосюань Янмен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Осака турнирінде жұптық сында да ширек финалға өткенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Қазақстан теннис құрамасы Дэвис кубогіне дайындықты бастады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).