Анна Данилина әлемдік рейтингіде 8-орынға көтерілді
АСТАНА. KAZINFORM – Әйелдер теннисі қауымдастығы (WTA) жекелей және жұптық сында жаңартылған рейтингіні жария етті.
Жекелей сында Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина 11-орнын сақтап қалса, Юлия Путинцева 34-тен 33-ке көтерілді.
Зарина Дияс 274-тен бірден 246-ға жоғарыласа, Жібек Құламбаева 306-да қалды.
Әлемдік рейтингіде беларустық Арина Соболенко бұрынғыша көш бастаса, америкалықтар Кори Гауфф пен Джессика Пегула екінші, үшінші сатыда тұр.
Өткен аптада Истбурн WTA 250 турнирінде үздік шыққан Қазақстанның жұптық сындағы бірінші ракеткасы Анна Данилина 9-дан 8-ге шықты. Бұл оның спорттық жолындағы ең үздік көрсеткіші болып есептеледі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Ұлыбританиядағы турнирде топ жарғанын жазған едік.
Сондай-ақ Жібек Құламбаева Сербиядағы теннис турнирінде үздік шықты.