АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның жұптық сындағы бірінші ракеткасы Анна Данилина Астанада ITF World Tennis Tour «BeeTV 40 Women's» турнирінің чемпионы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Анна Данилина Беларусь өкілі Ирина Шимановичпен бірге жарыстың бірінші ракеткасы болып тіркелген еді.
Қазақстандық-белоруссиялық жұп финалда доданың екінші ракеткалары, оңтүстіккореялықтар Хан Лэ Хань - Су Джон Чанмен бас жүлдені сарапқа салды.
Матч аса тартысты өтті. Бірінші партияда Анна мен Ирина 6:4 есебімен басым түсті. Екінші сетте қарсыластары есе қайырды – 7:6 (10:8). Супер тай-брейкте Анна Данилина мен Ирина Шиманович жеңісті жұлып алды – 10:7.
Осылайша, А. Данилина биылғы бірінші титулына қол жеткізді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Астанадағы жарыстың финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Фото: Қазақстан теннис федерациясы
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).