АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 13-ракеткасы Анна Данилина Бейжің (Қытай) WTA 1000 турнирінің екінші айналымына шықты.
Қазақстандық теннисші сербиялық Александра Круничпен бірге алғашқы айналымда Польша өкілі Магда Линетт – норвегиялық Клара Таусонмен сынға түсті.
Бірінші партияда 6:4 есебі тіркелсе, Данилина – Крунич екінші сетте де қарқынын төмендеткен жоқ – 6:2.
Бір сағат 12 минутқа созылған бәсекеде қазақстандық-сербиялық дуэт 3 эйспен бірге 12 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Линетт – Таусон 1 эйспен шектелді.
Анна Данилина – Александра Крунич ширек финалға шығу үшін америкалық Николь Меликар-Мартинес – ресейлік Людмила Самсоновамен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Бейжің турнирінің үшінші айналымына шыққанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).