АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 6-ракеткасы Анна Данилина Бейжің (Қытай) WTA 1000 турнирінің екінші айналымына жолдама алды.
Жарыстың 5-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші америкалық Дезире Кравчикпен бірге алғашқы айналымда жапониялық Суко Аояма – Қытайлық Тайбэй өкілі Энь Шо Лянмен ойнады.
Бірінші партияда қазақстандық-америкалық жұп 6:3 есебімен басымдылық танытты.
Екінші сет те дәл осындай есеппен аяқталды.
Анна Данилина – Дезире Кравчик ширек финалға шығу үшін жаңазеландиялық Эрин Рутлифф – индонезиялық Алдила Сутджиадимен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Рыбакинаның жарақатына байланысты Қытайдағы турнирге қатысудан бас тартқанын жазған едік.
Сондай-ақ Тимофей Скатов Шанхай мастерс турнирін сәтті бастады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).