АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 50-ракеткасы Анна Данилина Будапешт (Мажарстан) WTA 250 турнирінің жартылай финалына өтті.
Жарыстың 2-ракеткалары болып тіркелген А.Данилина мен ресейлік Ирина Хромачева ширек финалда германиялық Лена Пападакис – америкалық Джесси Энеймен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда қазақстандық-ресейлік жұп 6:2 есебімен басымдылық танытты. Олар екінші сетте де сол қарқынынан танған жоқ – 6:4. Бір сағат 15 минутқа созылған бәсеке барысында екеуі эйс жасамағанымен, 10 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Германиялық-америкалық дуэт 2 эйс, 1 брейкпен (3 брейк-пойнт) шектелді.
А.Данилина – И.Хромачеваның жартылай финалдағы қарсыластары кейін белгілі болады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшілердің ATP 250 турнирінің екінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Әмір Омарханов жасөспірімдер арасында әлемде 15-орынға көтерілді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).