АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 50-ракеткасы Анна Данилина Будапешт (Мажарстан) WTA 250 турнирінің финалына шықты.
Доданың 2-ракеткалары болып тіркелген А.Данилина – ресейлік Ирина Хромачева жартылай финалда нидерландылық Изабель Ховерлаг – америкалық Кристина Росканың мысын басты.
Қазақстандық-ресейлік жұп айқын басымдылық танытты – 6:1, 6:3. 1 сағатқа созылған матчта олар 3 эйспен бірге 11 брейк-пойнттың төртеуін өз есептеріне жазды. Нидерландылық-америкалық дуэт ештеңемен көзге түсе алған жоқ.
Анна Данилина – Ирина Хромачеваның финалдағы қарсыластары кейін анықталады.
Тағы бір қазақстандық, рейтингіде 702-орындағы Зарина Дияс Витория-Гастейс (Испания) ITF W100 турнирінің екінші айналымында әлемнің 131-ракеткасы, франциялық Джессика Поншеге жол беріп, ширек финалға шыға алмай қалды – 1:6, 4:6.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Недовесовтің Швециядағы жарыстың жартылай финалына өткенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Тимофей Скатов Швецияда әлемнің 27-ракеткасын жеңді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).