Анна Данилина Чехиядағы жарыстың жеңімпазы атанды

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның жұптық сындағы бірінші ракеткасы Анна Данилина Чехияның Яблонец-над-Нисоу қаласында өткен ITF W25 турнирінің жеңімпазы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

А. Данилина украиналық Валерия Страховамен бірге жарыстың бірінші ракеткасы болып тіркелді.

Қазақстандық-украиналық жұп финалға дейін қиналмай жетті.

Соңғы бәсекеде Данилина мен Страхова германиялық Лена Пападакис - чехиялық Анна Сискованы 7:5, 6:1 есебімен тізе бүктірді.

Осылайша, А. Данилина спорттық жолында ITF додаларында 27-титулына қол жеткізді. Сонымен қатар, Анна WTA жарыстарының үш дүркін чемпионы атанған еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннистен Дэвис кубогында Қазақстан тобында ширек финалға шыққан командалар анықталғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ, қазақстандық жасөспірім теннисшілер алғаш рет Азия чемпионы атанды.