Анна Данилина Дубайдағы турнирдің финалынан тыс қалды

Фото: ҚТФ

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 7-ракеткасы Анна Данилина Дубай WTA 1000 турнирінің финалына шыға алмады. 

Қазақстандық теннисші сербиялық Александра Круничпен бірге жарыстың 4-ракеткасы болып тіркелсе, олардың жартылай финалдағы қарсыластары, канадалық Габриэла Дабровски – бразилиялық Луиза Стефани бесінші жұп ретінде додаға қосылған еді.

Осыған дейін А.Данилина – А.Крунич Доха WTA 1000 жарысының жартылай финалында Г.Дабровски – Л.Стефанидің жолын кескен еді. Бұл жолы бірінші партияда қазақстандық-сербиялық жұп 3:1 есебімен алға шығып, сол басымдылығын жоғалтқан жоқ – 6:4.

Екінші сетте Дабровски – Стефани қарымта қайырды – 6:2. Содан кейін супер тай-брейкте сәтті ойнады – 10:6. Сағат жарымға созылған бәсекеде Данилина – Крунич 1 эйспен бірге 8 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Г.Дабровски – Л.Стефани 2 эйс, 4 брейкпен (9 брейк-пойнт) көзге түсті.

Анна Данилина – Александра Крунич бұған дейін Аустралия чемпионатының финалына дейін жетіп, Дохада топ жарған еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Дубайдағы жарыстың жартылай финалына шыққанын жазған едік.