Анна Данилина Дубайдағы турнирдің ширек финалына жолдама алды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 7-ракеткасы Анна Данилина Дубай WTA 1000 турнирінің ширек финалына шықты.
Жарыстың 4-ракеткасы болып тіркелген А.Данилина сербиялық Александра Круничпен бірге екінші айналымда үндістандық Рутуя Бхосале – таилық Пеангтарн Плипуекке қарсы келді.
Бірінші партияда қазақстандық-сербиялық жұп 6:3 есебімен басымдылық танытты.
Есесіне екінші сетте Бхосале – Плипуек 5:3 есебімен алға кетті. Дегенмен Данилина – Крунич таразы басын теңестіріп қана қоймай, тай-брейкте жеңісті жұлып алды – 7:6 (7:4).
Бір сағат 44 минутқа созылған бәсекеде Данилина – Крунич 2 эйспен бірге 10 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Бхосале – Плипуек 2 брейкпен (9 брейк-пойнт) шектелді.
Анна Данилина – Александра Крунич жартылай финалға шығу үшін украиналық Людмила Киченок – америкалық Дезире Кравчикпен таласады.
Биыл қазақстандық-сербиялық дуэт Аустралия ашық чемпионатының финалына дейін жетсе, өткен аптада Доха WTA 1000 жарысында үздік шыққан еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Дубайдағы турнирдің үшінші айналымына шыққанын жазған едік.