Анна Данилина Дубайдағы жарыстың жартылай финалына шықты
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 7-ракеткасы Анна Данилина Дубай WTA 1000 турнирінің жартылай финалына өтті.
Жарыстың 4-ракеткасы болып тіркелген А.Данилина сербиялық Александра Круничпен бірге ширек финалда украиналық Людмила Киченок – америкалық Дезире Кравчикке тап келді.
Бірінші партияда қазақстандық-сербиялық жұп айқын басымдылық танытты – 6:1.
Екінші сет Киченок – Кравчиктің еншісінде кетті – 6:4. Дегенмен супер тай-брейкте Данилина – Крунич төртінші матчболын құр жібермеді – 10:6.
Бір сағат 28 минутқа созылған бәсекеде қазақстандық-сербиялық дуэт эйс жасамағанымен, 13 брейк-пойнттың алтауын пайдаланды. Киченок – Кравчик 2 эйс, 4 брейкпен (5 брейк-пойнт) көзге түсті.
Анна Данилина – Александра Круничтің жартылай финалдағы қарсыластары кейін анықталады.
Осылайша, өткен аптада Дохада топ жарған Данилина – Крунич жеңіс сериясын алты матчқа жеткізді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Дубайдағы турнирдің ширек финалына жолдама алғанын жазған едік.
Дубайдағы турнирде Рыбакина үшінші сетте матчты жалғастырудан бас тартты.