Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 56-ракеткасы Анна Данилина Анжер (Франция) челленджер турнирінің финалына шықты, деп хабарлайды Kazinform.
Жарыстың 2-ракеткасы А.Данилина ресейлік Александра Пановамен бірге жартылай финалда нидерландтық Бибиана Схоофс – бельгиялық Кимпберли Циммерманмен сынға түсті.
Тартысты өрбіген бірінші партияда қазақстандық-ресейлік жұп тай-брейкте шешуші сәтте таразы басын өздеріне аудара алды – 7:6 (9:7). Екінші сетте басымдылық айқын байқалды – 6:2.
Сағат жарымға жуық уақытқа созылған бәсеке барысында Анна мен Александра эйс жасамағанымен, 9 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Бибиана мен Кимпберли 2 эйс, 1 брейкпен (8 брейк-пойнт) көзге түсті.
А.Данилина – А.Панованың финалдағы қарсыластары кейін анықталады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Франциядағы турнирдің жартылай финалына өткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).