АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 7-ракеткасы Анна Данилина Сен-Мало (Франция) челленджер турнирінің жартылай финалына шықты.
Жарыстың 1-ракеткалары А.Данилина – америкалық Эйжа Мухаммад ширек финалда ресейліктер Ирина Хромачева – Ксения Зайцеваға тап келді.
Матч 6:2, 6:4 есебімен қазақстандық-америкалық жұптың пайдасына шешілді.
Бір сағатқа жетпейтін уақыт ішінде Анна мен Эйжа 1 эйспен бірге 3 брейк-пойнттан шашау шығарған жоқ. Хромачева – Зайцева 3 эйс, 1 брейкпен (3 брейк-пойнт) ерекшеленді.
Анна Данилина – Эйжа Мухаммад финалға шығу үшін доданың 3-ракеткалары, тайбэйлік Чан Хао-Чин – америкалық Ивана Корлеймен таласады.
Ресейлік И.Хромачеваның А.Данилинамен бірге өнер көрсеткені белгілі. Екеуі 30-дан астам матч өткізіп, 2024 жылы Ухань (Қытай) WTA 1000 және Хуахин WTA 250 турнирлерінде жеңімпаз атанды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ролан Гаррос турниріне Қазақстаннан кімдер қатысатынын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).