АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 53-ракеткасы Анна Данилина Бад-Хомбург (Германия) WTA 500 турнирінің финалынан тыс қалды.
Қазақстандық теннисші қытайлық Сюй Ифаньмен бірге жартылай финалда тайбэйлік Хао-Чин Чань – ресейлік Вероника Кудерметовамен бетпе-бет келді.
Қытайлық-ресейлік жұп 6:3, 6:2 есебімен басым түсті. 1 сағат 15 минутқа созылған матчта А.Данилина – С.Ифань 1 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың біреуін ғана пайдаланды. Қарсыластары 3 эйс, 4 брейкпен (9 брейк-пойнт) көзге түсті.
Алдағы аптада қазақстандық теннисшілер жылдың басты додаларының бірі – Уимблдонда бақ сынайтын болады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Уимблдонда Рыбакина мен Путинцеваның қарсыластары анықталғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Уимблдонда ерлер арасында жекелей сында Бублик пен Шевченко өнер көрсетеді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).