НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 21-ракеткасы Анна Данилина Мадридте ITF W60 турнирінің жеңімпазы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші ресейлік Анастасия Тихоновамен бірге финалда қытайлық Лу Цзя Цинь – жапониялық Ю Сяодимен бас жүлдені сарапқа салды.
А.Данилина мен А.Тихонова бірінші партияда 6:4 есебімен басымдылық көрсетті.
Екінші сетте де қазақстандық-ресейлік жұп шебер ойнады – 6:2.
Бәсеке бір сағаттан сәл астам уақытқа созылды.
Осылайша, Анна Данилина өзінің спорттық жолында жұптық сында 26-ыншы титулына қол жеткізді. Соның 25-ін Халықаралық теннис федерациясы (ITF) аясында өткен жарыстарда жеңіп алса, біреуін биылғы қаңтарда бразилиялық Беатрис Хаддад Майямен бірге Сидней WTA 250 турнирінде олжалады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшілердің АҚШ-тағы жарыстың жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ қазақстандық 5 жас теннисші Еуропадағы турнирлердің финалына шықты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).