АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 24-ракеткасы Анна Данилина Ұлыбританиядағы Истбурн WTA 500 турнирінің жартылай финалына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші қытайлық Сюй Ифаньмен бірге ширек финалда жарыстың 3-ракеткалары, америкалық Дезире Кравчик – нидерландылық Деми Схюрспен шеберлік байқасты.
Америкалық-нидерландылық жұп екі сетте 6:2, 6:4 есебімен жеңіске жетті. Бір сағат 10 минутқа созылған бәсеке барысында олар 1 эйспен бірге 3 брейк-пойнтты түгел пайдаланды. Қазақстандық-қытайлық дуэт ештеңемен ерекшеленген жоқ.
Анна Данилина алдағы аптада басталатын Уимблдон турнирінде өнер көрсететін болады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Уимблдонда чемпиондық атағын үшінші ракетка болып қорғайтынын жазған едік.
Сондай-ақ Александр Недовесов Истбурнда жартылай финалға шыға алмады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).