АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 51-ракеткасы Анна Данилина Парма (Италия) челленджер турнирінің жеңімпазы атанды.
Жарыстың 1-ракеткасы болып тіркелген отандасымыз ресейлік Ирина Хромачёвамен бірге финалда бразилиялық Ингрид Гамарра Мартинс – франциялық Эликсан Лечемиямен чемпиондық атақты сарапқа салды.
Қазақстандық-ресейлік жұп қарсыластарын 6:1, 6:2 есебімен ойсырата жеңді. Бір сағат 6 минутқа созылған бәсеке барысында олар 1 эйспен бірге 8 брейк-пойнттың алтауын пайдаланды. Бразилиялық-франциялық дуэт 1 брейктен (5 брейк-пойнт) аса алмады.
Тағы бір қазақстандық Александр Бублик жұптық сында Рим мастерс турнирінің жартылай финалында америкалық Бен Шелтонмен бірге доданың 1-ракеткалары, испаниялық Марсель Гранольерс – аргентиналық Орасио Себальосқа жол берді – 4:6, 4:6.
Рим мастерс жарысының финалында М.Гранольерс – О.Себальос сальвадорлық Марсело Аревало – хорватиялық Мате Павичпен ойнайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Страсбургте қарсыласын ойсырата ұтқанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).