АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 9-ракеткасы Анна Данилина Лондон (Ұлыбритания) WTA 500 турнирін жеңіспен бастады.
Жарыстың 2-ракеткалары болып тіркелген Анна Данилина — ресейлік Диана Шнайдер алғашқы айналымда мексикалық Джулиана Олмос — тағы бір ресейлік Александра Панованың мысын басты.
Қазақстандық-ресейлік жұп 6:4, 7:5 есебімен жеңіске жетті.
Олар 1 сағат 22 минутқа созылған бәсекеде 3 эйспен бірге 8 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Олмос — Панова 2 эйс, 1 брейкпен (4.брейк-пойнт) шектелді.
Анна Данилина — Диана Шнайдер жартылай финалға шығу үшін аустралиялық Сторм Хантер — америкалық Дезире Кравчикпен таласады.
А.Данилина Ролан Гаррос жарысында сербиялық Александра Круничпен бірге финалға дейін жеткен еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Лондон турниріндегі қарсыласы анықталғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).