РАБАТ. KAZINFORM – Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 51-ракеткасы Анна Данилина Рабат (Марокко) WTA 250 турнирінің ширек финалына өтті.
Жарыстың 2-ракеткалары А.Данилина – қытайлық Сюй Ифань бастапқы кездесуде Беларусь өкілі Лидия Морозова – нидерландтық Аранча Русты жолдан тайдырды.
Бір сағат 5 минутқа созылған бәсекеде қазақстандық-қытайлық жұп 6:3, 6:2 есебімен жеңіске жетті. Олар 1 эйспен бірге 9 брейк-пойнттың жетеуін мүлт жіберген жоқ.
Белоруссиялық-нидерландтық дуэт 1 эйс, 3 брейктен (4 брейк-пойнт) аса алмады.
Анна Данилина – Сюй Ифань енді ұлыбританиялық Хэрриет Дарт – тағы бір қытайлық Сю Ванмен жартылай финал жолдамасын сарапқа салады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннистен әлем чемпионатында Қазақстан жасөспірімдерінің іріктеу жарысының ширек финалында ойнайтынын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Александр Шевченко Женева турнирінің ширек финалына шықты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).