АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 49-ракеткасы Анна Данилина Монтеррей (Мексика) WTA 500 турнирінің финалынан тыс қалды.
Қазақстандық теннисші ресейлік Ирина Хромачевамен бірге жартылай финалда жарыстың 1-ракеткалары, мексикалық Джулиана Олмос – ресейлік Александра Пановамен шеберлік байқасты.
Қазақстандық-ресейлік жұп матчты жақсы бастап, бірінші партияда 2:0 есебімен алға шықты. Алайда Олмос – Панова есепті теңестіріп, тай-брейкте сәтті ойнады – 7:6 (7:3).
Мексикалық-ресейлік дуэт екінші сетте бәсекені жеңіспен аяқтай білді – 6:4.
Бір сағат 35 минутқа созылған кездесу барысында Данилина – Хромачева 1 эйспен бірге 4 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Олмос – Панова 1 эйс, 4 брейкпен (11 брейк-пойнт) көзге түсті.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Монтеррей турнирінің жартылай финалында өнер көрсететінін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).